Елордадағы Тамыз конференциясында мектеп директоры «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды.
Астана қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Білім саласының маңызды басқосуында білім берудің стратегиялық бағыттары, ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияларды сабақтастыру, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Конференция аясында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби еңбегімен ерекшеленген педагогтерге бірқатар ведомстволық марапаттар табысталды. Олардың қатарында «Ы. Алтынсарин» медалі, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі және «Еңбек ардагері» медалі бар. Сондай-ақ үздік білім беру ұйымдары «Орта білім беретін үздік ұйым» грантымен марапатталды.
Марапат иелерінің қатарында Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейінің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абуова Меруерт Әбітайқызы бар. Ол білім беру саласындағы жемісті еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды.
Бұл марапат – білікті басшы әрі тәжірибелі ұстаздың білім беру саласына қосқан үлесі мен кәсіби еңбегінің жоғары бағалануының айқын көрінісі.
Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейінің ұжымы Меруерт Әбітайқызын мәртебелі марапатымен құттықтап, алдағы қызметіне толағай табыс, жаңа жетістіктер мен шығармашылық ізденіс тілейді.

